Әлеумет

Мұқтаж отбасыларға қайырымдылық жасады

Акция

Бейсенбі күні «Біз біргеміз» акциясы аясында облыстағы белсенді азаматтар мен еріктілер тобы көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға көмек көрсетіп, қайырымдылық жасады.

Акция барысында белсенділер мен еріктілер үш топқа бөлініп, 20-ға жуық отбасына қолдау көрсетіп, азық-түлік жиынтығын ұсынды.

Облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының төрайымы Айгүл Дүйсенованың айтуынша, бүгінде мүмкіндігі шектеулі балалары бар, сондай-ақ әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға көмек көрсету мақсатында мұндай акциялар жиі ұйымдастырылады. Қазіргі қиын кезеңде көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беру өте маңызды.

  • Бүгін, міне, қоғам белсенділері, еріктілер болып көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі балалары бар аналарға, отбасыларға көмек көрсетіп, қолдау танытып жатырмыз. Әлемде болып жатқан оқиғаларға байланысты қазіргі кезде кез келгеннің бойын қорқыныш билейтіні заңдылық. Алайда Қазақстанда төтенше жағдай жарияланған шақта халықты аурудан сақтандыру, ел азаматтарына қамқорлық көрсету — біздің міндетіміз. Осы орайда біз өзара жұмылып, «Біз біргеміз» акциясына өз үлесімізді қосып, қайырымдылықтың, адамгершіліктің жарқын үлгісін көрсетіп жатырмыз. Біз бұл қиындықтан да өтеміз. Ең бастысы, еліміз тыныш, халқымыз аман, бауырымыз бүтін болсын! — дейді Ауған соғысының ардагері, «Ербақыт» спорттық-патриоттық клубының төрағасы Марат Қойлыбаев.

Акция аясында көмек көрсетілген отбасылардың бірі — Давыдовтар отбасы. Бірнеше жылдан бері мүмкіндігі шектеулі немересін бағып отырған Алла Давыдова қазіргі таңда көмекке мұқтаж. Немересі Илья С гепатитімен, сондай-ақ лейкозбен ауырады.

Өзі әке-шешесінен ерте айырылды, одан кейін осындай дертке ұшырады. Қазір дәрігерлердің ұсынған режимін сақтап, үйде отырмыз. Алдағы уақытта ем алатын болады. Сіздердің күтпеген жерден келіп, көмек қолын созып жатқандарыңызға ризамыз. Қазір елде болып жатқан оқиғаға алаңдап отырмыз. Еліміз тыныш, балаларымыз аман болсын! — деді Алла Давыдова ризашылығын білдіріп.      

Айта кету керек, акция барысында еріктілер тобы тұрғындарға коронавирустан сақтану шаралары жазылған парақтарды таратып, бірқатар мұқтаж адамдарға қол ұшын созды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button